Ол алдымен әйелдердің кеудешелерін, кейін шалбар ұрлап, оларды сауда орталықтарының өзінде сатып жіберуге тырысқан
Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде ұрланған әйелдердің іш киімін сатып жүрген қауіпті рецидивист сот үкімімен тағы үш жыл жеті айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Qazaqstan Media басылымының мәліметінше, оқиға 1 наурыз күні болған. Сол уақытқа дейін ер адамның сегіз рет сотталғаны, бірнеше мәрте ұрлық жасағаны және қауіпті рецидивист ретінде танылғаны белгілі болған. Бұған дейін ол сағыз бен темекі блогын ұрлаған. Алайда пробациялық бақылаудағы өмір оған тым қызықсыз көрінген сыңайлы.
Алдымен Тимофеев 20-ықшамаудандағы сауда үйіндегі бутиктердің біріне кірген. Онда оның назарын әйелдердің кеудешелері аударған. Көп ойланбастан ер адам олардың 11 данасын киімінің астына жасырып, сыртқа беттеген. Алайда жоспары жүзеге аспай қалған. Ұрлыққа қарсы рамка іске қосылған.
Сатушы тауарды қайтаруды талап еткен. Бұған жауап ретінде ер адам ұсталып қойған соң жасырынудың мәні жоқ деп шешсе керек, тауарды ашық түрде алып шығуды жалғастырған. Осылайша ұрлық тонауға ұласқан. Ол іш киімдердің бір бөлігін дүкен қызметкеріне лақтырып, жеті кеудешені алып кетіп қалған.
Бірнеше минуттан кейін сауда үйінің әкімшілігі оны ғимараттың бірінші қабатынан тапқан. Сол жерде ол жаңа ғана ұрлаған тауарын сатып жүрген. Екі қызыл және екі ақ түсті кеудеше қайтарылғанымен, қалған үшеуі сатып алушылардың қолына өтіп кеткен.
Мұнымен оның «кәсіпкерлік қызметі» аяқталмаған.
Жарты сағаттан кейін Тимофеев жақын маңдағы сауда-ойын-сауық орталығына барған. Ондағы әйелдер киімі сатылатын бутикте сатушының басқа клиенттерге көңілі бөлінген сәтін пайдаланып, жалпы құны 58 мың теңге болатын қоңыр түсті әйелдер шалбарының үш данасын ұрлап кеткен. Оның екеуін сатып үлгерсе, үшіншісі кейін тәркіленіп, иесіне қайтарылған.
Сотта ер адам өз кінәсін мойындап, тауарларды қалай сатып жүргенін егжей-тегжейлі айтып берген. Алайда сот мұндай «іскерлік қабілетке» оң баға бермеген. Әсіресе қылмыстардың алкогольдік масаң күйде және пробациялық бақылау кезінде жасалғаны ескерілген.
«Тимофеев Павел Александрович қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша бұрынғы үкіммен өтелмеген жазаның бір бөлігін қосу арқылы оған түпкілікті үш жыл жеті ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейді», – деп үкімді судья Алмас Жұмағазин оқыды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.