Талдықорғанда үш жастағы баласын аяусыз ұрған әке түрмеге қамалды

Балаға қатыгездік көрсеткен ер адамға үкім шықты

Талдықорғанда үш жастағы баласын аяусыз ұрған әке түрмеге қамалды

Талдықорған тұрғыны үш жасар балаға қатыгездік көрсеткені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша үкімді қалалық сот шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 2 ақпан күні болған. Сол кезде медицина мекемесінен денесінің түрлі жері жарақаттанған үш жасар баланың ауруханаға жеткізілгені туралы хабар түскен.

Ақпаратты алған полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, мән-жайды анықтап, күдіктіні ұстады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол баланың әкесі болып шыққан. Ұсталған сәтте ер адамның мас күйде болғаны айтылады.

Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Осыдан кейін құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық іс азаптау және ұрып-соғу деректері бойынша тергелген. Тергеу аяқталғаннан кейін іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданған.

«Аталған оқиға 2 ақпан күні орын алды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды. Осы факті бойынша азаптау және ұрып-соғу белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Талдықорған қалалық сотының 29 мамырдағы үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.