Жастарға заңды құрметтеу қажеттігін қарапайым тілмен түсіндірген жөн – Тоқаев
Соңғы жылдары әкімшілік сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылып жатыр
Президент «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым – Жомарт Тоқаев елдегі саяси-құқықтық және экономикалық реформалардың негізгі бағыттарына тоқталып, қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен келісімді тұрақты дамудың басты шарты ретінде атады.
«Тұрақты даму үшін халық пен билік арасында өзара сенім мен келісім болуы керек. Бұл - бұлжымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайды, ол табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде бұл мәселеге баса мән беремін. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырдық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың арыз-шағымына дер кезінде жауап беру - елдегі реформалардың өзегі. Соңғы жылдары еліміз ауқымды құқықтық жаңғыру жолына түсіп, жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз заң үстемдігін ұлттық болмысымыздың айнымас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе жастарға заңды құрметтеу қажеттігін қарапайым тілмен түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу және тәртіпті қолдау - әр адамның жарқын өміріне жол ашады. Әділетті қоғам құру - Ата заңымыздың басты құндылығы. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеті ретінде бекітілген. Түптеп келгенде, әрбір реформа ең алдымен халықтың қалауымен және жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін енгізу қажеттігін айттым. Бұл азаматтарымыз бен кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) күшіне енді», - деді президент.
Президент атап өткендей, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген «eOtinish» онлайн платформасы бюрократияны азайтуға және жұртшылықтың үнін естуге септігін тигізді.
«Мемлекеттік орган өз әрекетінің заңдылығын сотта өзі дәлелдеуге міндеттелді. Статистикаға қарасақ, соңғы жылдары әкімшілік сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылып жатыр. Әрине, сот шешімдеріне көңілі толмайтындар да бар, бұл заңды құбылыс. Алайда, әкімшілік юстицияның Конституция деңгейінде дербес құқықтық институт ретінде бекітілуі принципиалды түрде маңызды. Қазіргі уақытта үкімет сот дауларын азайту, мемлекеттік органдардың бірыңғай әкімшілік актілерді қабылдауын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап азаматтарға нормативтік-құқықтық актілерді сот арқылы даулау мүмкіндігі берілді. Бұл да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының көрінісі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елімізде сот жүйесін реформалаумен қатар ауқымды экономикалық өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті.
«Инвестициялық дауларды тиімді шешу мақсатында қолайлы институционалдық жағдайлар жасалуда. Соның арқасында инвестициялық сот істерінің 80%-ға жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылады. Билік пен бизнес өкілдері өзара байланыста болып, түйткілдерді ашық талқылауы керек. Лауазымды тұлғаларға заң шеңберінде өзара мәмілеге келетін тиімді жолдарды іздеу тапсырылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында құрылған сот пен арбитраж орталығы инвестициялық жобалар бойынша дауларды жедел шешуде өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ, Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Қазақстан шетелдік инвестиция тарту бойынша аймақта көшбасшы орында тұр, бірақ біз бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Жаңа Конституцияға инвестициялық қуатымызды күшейтетін нормалар қосылды. Қаржы саласына және қарқынды дамитын қалаларға арнайы құқықтық режимдер енгізілуде. Жақында ғана «Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл құжат «ақылды қалаға» тән заманауи экосистема қалыптастырудың құқықтық негізін бекітті», - деді ол.
Мемлекет басшысы заң мен тәртіп үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құру үшін жасалып жатқан ауқымды жұмыстар аясында сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берілетінін айтты.