ҰҚК Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеруді аяқтады

Ведомство әзілкешке қатысты жүргізілген тексерудің аяқталғанын мәлімдеді

ҰҚК Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеруді аяқтады
Фото: @nurlan__saburov/instagram

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті танымал стендап-комик Нұрлан Сабуровқа қатысты жүргізілген тексерудің қорытындысын жариялады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тексеру іс-шараларының нәтижесінде құқық бұзушылық белгілері анықталған жоқ», - деді ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2026 жылғы 6 ақпанда бірқатар ресейлік БАҚ пен Telegram-арналарында Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Ресейдің ресми органдары бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген жоқ. Алайда әлеуметтік желілерде шектеу миграциялық және салық заңнамасын бұзды деген болжамдармен байланысты болуы мүмкін деген ақпарат жарияланған.

2026 жылғы 8 ақпанда Нұрлан Сабуров өз жанкүйерлерімен байланысқа шығып, Ресейге кіруге қойылған тыйымға қатысты пікір білдірді. Instagram Stories парақшасында әзілкеш бұл істің егжей-тегжейімен заңгерлер айналысатынын айтып, «бәрін уақыт өз орнына қояды» деп мәлімдеді.

Кейін әлеуметтік желілерде Нұрлан Сабуровтың «Легион Вагнера Истра» ұйымына 10 эндуро мотоциклін тапсырып жатқаны бейнеленген видео тарады. Осыдан кейін бірқатар қазақстандық белсенділер 34 жастағы әзілкештің әрекетіне құқықтық баға беріп, оны жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруға шақырды.

11 ақпанда әлеуметтік желілерде кең тараған видеоға қатысты пікір білдірген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы:

«БАҚ-та жарияланған барлық ақпарат тексеруді және зерделеуді қажет етеді», – деп мәлімдеді.

Ал 16 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын растаған болатын.