Жемқор, педофил және лаңкес: қылмыстық рақымшылыққа кімдер ілінбейтіні белгілі болды

Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері он бірінші рет қылмыстық рақымшылық жариялап отыр 

Жемқор, педофил және лаңкес: қылмыстық рақымшылыққа кімдер ілінбейтіні белгілі болды
Фото: pixabay.com

Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Абзал Құспан қылмыстық рақымшылыққа кімдер ілінбейтінін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Абзал Құспанның айтуынша, оақымшылыққа ілінген адамның қайта қылмыс жасауы өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан бұл заң жобасы азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне аса қауіп төндірмейді.

Тәуелсіздік алғаннан бері бұл – 11-ші рақымшылық. Рақымшылыққа іліккен адамның қайта қылмыс жасауы өте сирек кездеседі. Мысалы, былтыр Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа 15 мың адам ілінді. Соның тек сегізі ғана кейін қайта қылмыспен көзге түсті. Бұған дейінгі рақымшылықтарда да көрсеткіш шамалас болған, – деді Абзал Құспан.

Заң жобасына сәйкес, рақымшылық аясында жазадан босатуға  ұсынылып отырған қылмыскерлер қатарында аса ауыр емес қылмыс жасағандар және мемлекетке келтірген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыс үшін сотталғандар бар. Бұдан бөлек, заң жобасына сәйкес орташа ауыр қылмыс үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін екі есеге қысқарту, ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімін азайту көзделген.

Алайда рақымшылық барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайды. Абзал Құспан түсіндіргендей, Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстарын жасағандар, кәмелетке толмаған балаларға қарсы жыныстық қылмыс жасағандар, азаптау фактілеріне қатысы бар адамдар, қылмысты қайталап жасағандар, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар, сондай-ақ жақында қылмыс санатына енген әрекеттер үшін сотталғандар рақымшылыққа ілікпейді. Бұған қоса өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар және сырттай сотталған адамдарға рақымшылық жасау қолданылмайды.