Щучинсктегі жарылыс: 12 адамның өліміне қатысты тергеу аяқталды
Ақмола облысының прокуратурасы істі сотқа жолдауға дайындап жатыр
Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» кафесінде болған газ жарылысына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Қазір Ақмола облысының прокуратурасы істі сотқа жолдауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі уақытта күдіктілер мен олардың қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр. Бұл рәсім аяқталған соң іс бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және тұтынушыларға қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету деректері бойынша қозғалған іс аясында үш адам жауапқа тартылды. Олар – кафе иесі, автогаз құю станциясының директоры және газ баллондарын жеткізуші.
Кафе иесі 3 наурызда ұсталып, кейін соттың шешімімен қамауға алынған. Ал автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші 20 сәуірде ұсталды. Қазір күдіктілердің екеуі тергеу изоляторында отыр, үшіншісі үйқамақта.
Еске салсақ, 26 ақпанға қараған түні «Палау орталығы» кафесінде газ баллоны жарылып, арты ірі өртке ұласқан еді. Қайғылы оқиғадан 12 адам көз жұмып, тағы 26 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Зардап шеккендерді құтқару үшін санитарлық авиация жұмылдырылып, ауыр халдегі науқастар Көкшетаудағы ауруханаларға жеткізілген болатын.
Осыған дейін мекеме иелері қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, жерлеу рәсіміне кететін шығынды өз мойындарына алуға және зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетуге уәде берген еді.