Ұрлық жасағандар 20 мен 24 жас аралығындағы жергілікті тұрғындар болып шықты
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Тайынша ауданының ауылдары мен аудан орталығында жасалған бірнеше мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен төрт жігітті ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ сәуір айының басынан бері әрекет еткен. Күдіктілер қораларға түсіп, қой ұрлаған. Алайда мал иелерінің ешқайсысы малдарының жоғалғанын өз бетінше байқамаған.
Ұрлық деректері полицияның күнделікті жедел-профилактикалық жұмысы кезінде анықталған. Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің кім екенін анықтады. Олар 20 мен 24 жас аралығындағы жергілікті тұрғындар болып шықты.
Аудан орталығындағы бейнебақылау камераларының жазбасында күдіктілердің бірінің ұрланған малдарды «ВАЗ-2112» көлігінің жүксалғышы мен салонына тиеп, сатуға апарғаны көрінеді. 1 мамыр күні қойларды сатқаннан кейін күдіктілер бірден ұсталған.
Қазір мал ұрлығының төрт фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Жалпы саны 23 бас мал ұрланған. Оның 12-сі сатып алған адамдардан тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.
Полицейлер күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Сондай-ақ мал сатып алған адамдардың жауапкершілігі де қаралуда.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында алты мәрте мал ұрлығы тіркелген. Полиция олардың барлығы ашылғанын мәлімдеді.