Тараз көшелерінде қайыр сұраған баланың анасы жауапқа тартылды

Автор: Алмас Ерсін

Әйел бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін жауап береді

Фото: freepik

Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Тараз көшелерінде қайыр сұраған баланың анасына қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот анықтағандай, оның кәмелетке толмаған ұлы бағдаршам маңында жүргізушілерден қайыр сұрап жүрген кезде полиция қызметкерлері тарапынан ұсталған. Жасөспірім 16 жасқа толмағандықтан, жауапкершілік анасына жүктелді.

«Хаттамадан бөлек, кінә іс қатысушыларының айғақтары мен түсініктемелері арқылы дәлелденді. Азаматша Е. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді», – делінген хабарламада.

Сот жеңілдететін мән-жайларды және ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескере отырып, айыппұл көлемін 30%-ға азайтты. Нәтижесінде әйелге 60 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.