Жанабыловтардың ісі: сот отырысы дүйсенбі жалғасатын болды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Екі сағаттан астам уақытқа созылған талқылаудан кейін прокурор қосымша уақыт сұраған

Фото: instagram.com/zhanabylov_e/

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінгі отырыста процестік келісім мәселесі қаралды. Эльмира Төлегенова сотта соңғы сөзін айтып, өз кінәсін түсінемін деген еді. 

«Болған оқиғаға қатысты жауапкершілікті толық түсінеміз. Бұл біз үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Бас бостандығымыздан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз. Сондай-ақ процессуалдық келісім жасасуды өтінеміз, оның барлық шарттарын түсіндік», – деді ол.

Алайда екі сағаттан астам уақытқа созылған талқылаудан кейін прокурор қосымша уақыт сұрады. Осыған байланысты сот отырысы 27 сәуірге, яғни келесі аптаның дүйсенбісіне шегерілді.

Еске салайық, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты аталған жұпқа қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея ұйымдастыру дерегі бойынша іс тоқтатылып, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар Экономикалық тергеу департаментіне жолданған.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты азаматтардың сеніміне кіріп, заңсыз табыс тапқан.

Қылмыстық іс аясында келтірілген жалпы шығын көлемі 247 млн теңге көлемінде бағаланып отыр.