Үй тазалайтын компания қызметкері қымбат әшекей бұйымды қолды еткен
Көкшетауда жекеменшік үй иесі үй тазалау қызметіне жүгінгеннен кейін қымбат әшекейінен айырылғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 12 сәуір күні қала тұрғыны құны 350 мың теңге тұратын гауһар тасты алтын жүзігін жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген. Үй иесі әшекейдің нақты қай күні жоғалғанын айта алмағанымен, оның 6-12 сәуір аралығында жоғалуы мүмкін екенін айтқан.
«Өтініш түскеннен кейін полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, үйге кіріп-шыққан адамдардың шеңберін анықтады. Құқық қорғаушылардың назарын сол кезеңде өтініш берушінің клининг компаниясының қызметін пайдаланғаны аударған. Осы нұсқаны тексеру барысында 30 жастағы компания қызметкерінің қылмысқа қатысы бары анықталды. Тергеу мәліметінше, әйел үй иелері болмаған сәтті пайдаланып, жүзікті ұрлап, кейін оны ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны жеке қажетіне жұмсаған», — деп хабарлады полиция.
Ведомствода ұрланған әшекей бұйым табылып, тәркіленгені айтылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.