Айыпталушы шартты жаза алды
Ақмола облысында адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушыға шартты түрде жаза тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Целиноград аудандық соты Ш.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша істі қарады. «Агрофирма Родина» ЖШС-нің қызметкері өндірістік аумақта қызметтік көлікпен артқа жүріп келе жатып, абайсызда адамды қағып кеткен. Жәбірленуші алған жарақаттарынан көз жұмды. Сот үкімімен Ш.-ға 2 жыл 6 ай шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ оған 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру және пробациялық бақылау белгіленді», – деп хабарлады Ақмола облысы соттарының баспасөз қызметі.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, көлік қозғалысы кезінде апаттық белгі бермеген, ал адамды тек көлік алдында жатқан кезде ғана байқап қалған. Кейін не болғанын түсініп, көмек көрсетуге тырысқан.
Жәбірленушінің қызы айыпталушыға шағымы жоқ екенін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ол жол апатына кінәлі адамнан өтемақы алған.
Дегенмен, сотта айыпталушының кінәсі дәлелденіп, сот бұл әрекетті абайсызда болған қылмыс деп таныған.
Сот үкім шығару кезінде бірқатар жеңілдететін жағдайларды ескерген: айыпталушы алғаш рет қылмыс жасаған, кінәсін мойындап, өкінген, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар, бұрын сотталмаған. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың пікірі де назарға алынған.
Соттың мәліметінше, оқиғаға дейін және тергеу барысында жәбірленуші тарапқа айтарлықтай өтемақы төленген. Компания тарапынан 4,1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіліп, айыпталушы 5 млн теңге моральдық өтемақы төлеген. Бұдан бөлек, сақтандыру төлемдері де берілген.