Финалда өзбек боксшысын жеңді: Сұлтанбек Айбарұлы Әлем кубогында алтын алды

Автор: Алмас Ерсін

70 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Мұрсал күміс жүлдегер атанды

Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитет

Қазақстан құрамасы бокстан Делиде (Үндістан) өтіп жатқан Әлем кубогының ақтық кезеңінде алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сұлтанбек Айбарұлы чемпион атанды.

«Финалда отандасымыз Өзбекстан боксшысы Жасурбек Юлдашевты жеңді», - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Мұрсал күміс жүлдегер атанған еді.

Еске сала кетейік, 2024 жылы Олимпиада чемпионы болған өзбек боксшысы Лазизбек Муллажонов допинг қолданғанын мойындады. Париж Олимпиадасының чемпионы үш жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі (ITA) ресми мәлімдеді.

Агенттіктің мәліметінше, 2025 жылдың 11 маусымында жарыстан тыс кезеңде алынған сынамадан тыйым салынған метастерон препараты анықталған. Енді Муллажонов 2028 жылдың 21 шілдесіне дейін әуесқой бокста өтетін ресми жарыстарға қатыса алмайды. Сонымен қатар оның 2025 жылдың 11 маусымы мен 22 шілдесі аралығында көрсеткен барлық нәтижесінің күші жойылды.