Британиялық бапкер Ғалымжан Кенжебекке көз тігіп отырғанын растады
Гудвин Кенжебекті қатарға қосу мүмкіндігін жоққа шығармады
«Данди Юнайтед» бас бапкері Джим Гудвин Қазақстан құрамасының және «Елімай» клубының ойыншысы Ғалымжан Кенжебекке қызығушылық танытып отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Шотландияның The Courier Sport басылымы «Дандидің» 22 жастағы қазақстандық футболшыға көз тігіп отырғаны туралы жазған еді. Себебі Кенжебек қаңтар айында еркін агентке айналады. Оған «Хартс» клубы және Португалия, Чехия мен Грекия командалары да назар аударған.
Гудвин Кенжебекті қатарға қосу мүмкіндігін жоққа шығармады, бірақ бәсекелестіктің жоғары болатынын атап өтті:
«Қысқы трансфер терезесіне лайықты түрде дайындалып жатырмыз. Кенжебек көптеген клубтың шорт-парағында тұрғанына сенімдімін. Біз команданы күшейтуді көздейміз, қаңтарда не болатынын көрейік. Бұл оңай кезең емес, бірақ бізге мықты ойыншылар керек», – деді ол.
Бапкер Кенжебекті қатарға қоса алмаған жағдайда, басқа вингер алатынын айтты.
«Қазіргі құрам жаман емес, дегенмен сол шепте ойнайтын тағы бір футболшы керек. Егер қолжетімді әрі бізге сай келетін нұсқа пайда болса, онда міндетті түрде әрекет етіп көреміз», – деді Гудвин.