Тоқаев Рыбакинаны WTA қорытынды турниріндегі жеңісінен кейін орденмен марапаттады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол спортшыны ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойғанын айтты

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турниріндегі жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда мемлекет басшысының құттықтау хабарламасын жариялады.

«Сіз теннистен жыл қорытындысы саналатын беделді жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, асқан ерік-жігердің арқасында жеңіске жеттіңіз.

Қазақстандық және әлемдік теннис спортының тарихындағы осынау айтулы жетістігіңізбен шын жүректен құттықтаймын және ризашылығымды білдіремін.

Дүбірлі додадағы жеңісіңізді, теннистің дамуына қосқан үлесіңізді және аталған спортты елімізде насихаттауға сіңірген еңбегіңізді ескере отырып, Сізді ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойдым.

Сізге зор денсаулық, бақ-береке және Қазақстан Республикасының даңқын асыратын жаңа жетістіктер тілеймін», – делінген құттықтауда.

Айта кетейік, осыған дейін Елена Рыбакина финалдық кездесуде Беларусь спортшысы, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңгені хабарланған болатын.