Бірнеше миллиардер Қазақстандағы футбол клубтарын сатып алмақ

Автор: Нұргүл Абай

Президент еліміздегі барлық футбол клубын жекешелендіруді тапсырған

Фото: istockphoto.com

Қазақстандағы бірнеше футбол клубын белгілі кәсіпкерлер Сергей Кан, Михаил Ломтадзе және Ислам Козбаков сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен бірге облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тарта отырып, футбол клубтарын коммерцияландыру бойынша өңірлердегі және республикадағы әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізіп жатыр.

«Осы жұмыстар аясында «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызыл-Жар» ФК сатып алу мүмкіндігін қарастыруда, Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтер» ФК үшін стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытты, Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» ФК сатып алуды және Астанада футбол инфрақұрылымын салуды көздеп отыр. Қызылордалық әлеуетті инвестор «TAU GROUP LTD» (Ислам Козбаков) «Қайсар» ФК сатып алуды жоспарлауда. Сонымен қатар «Тараз» ФК, «Елімай» ФК және «Иртыш» ФК футбол клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесу өткізілді», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Сондай-ақ жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жаңартылып жатыр. Қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолданған.

Жалақы өседі

Премьер-министр спорт саласындағы жаттықтырушылардың жалақысы да көтерілетінін атап өткен.

«2022 жылдан бері Үкіметтің қаулысына сәйкес азаматтық қызметшілердің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсірілуде. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілік шеберлігі үшін лауазымдық жалақысына 30% көлемінде қосымша ақы төлеуге 2025 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 1,8 млрд теңге қарастырылған. Қазір Үкіметтің қаулысына тиісті толықтырулар әзірленіп, келісу сатысында», - делінген жауапта.

Бұған қоса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өңір әкімдіктері жергілікті бюджет қаражатынан спорт саласындағы қызметкерлерге үстемеақы тағайындауға және ауылда жұмыс істейтін спорт саласының мамандарына лауазымдық жалақының кемінде 25%-ын құрайтын көтеріңкі лауазымдық жалақы төлеуге мүмкіндігі бар.