Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол жарақатынан айығып, жаттығуға кірісті

Фото: instagram.com/shavkatrakhmonov94

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жарақатынан толық айығып, октагонға оралуға дайындалып жатыр. Оның менеджері Саят Абдрахманов спортшының қазіргі жағдайы мен келесі жекпе-жек мерзімі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Рахмонов келесі жылдың басында жекпе-жекке шығуы мүмкін

Саят Абдрахмановтың айтуынша, Шавкат мамыр айында Белал Мухаммедпен чемпиондық белбеу үшін кездесу өткізуі тиіс болған, алайда жарақатына байланысты бұл жекпе-жек өтпей қалған.

«Шавкатта денсаулыққа байланысты қиындықтар болды. Мамырда бізге Белал Мухаммедпен чемпиондық жекпе-жек ұсынылды, бірақ жарақатына байланысты ол қатыса алмады. Қазір толық қалпына келіп, жаттығуға кірісті. Болжам бойынша, қаңтардың соңы – ақпанның басында октагонға оралады», – деді менеджер.

Жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшы

Шавкат Рахмонов UFC 310 турнирінде 2024 жылдың желтоқсанында Иэн Мачадо Гэрриді жеңіп, 19-шы кәсіби жеңісін тіркеген.

Оның кәсіби рекорды – 19 жеңіс және бірде-бір жеңіліс жоқ. Жекпе-жектің басым бөлігі мерзімінен бұрын аяқталған. Қазір ол жартылай орта салмақта (welterweight) өнер көрсетеді.