Тоқаев: Спорт федерациялары тек мемлекет қаржысына қарап отырмауы керек

Автор: Бақыт Шынар

Тоқаев бұл мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізуді Президент Әкімшілігіне тапсырды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласындағы жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтіп, кейбір спорт федерацияларының тек мемлекет қаржысына иек артып отырғанын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, спортты қолдау – абыройлы қоғамдық миссия әрі үлкен азаматтық жауапкершілік. Оның пікірінше, көптеген федерацияларды ірі бизнес өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр, бірақ олардың көбі өз қаражатын жұмсауға құлықсыз.

«Кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін жарнамалау құралы ретінде көреді. Тіпті, спортшылардың жетістігін жеке жеңісі санайтындар бар. Мұндай теріс үдерістерге тосқауыл қою қажет», – деді Президент.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі мен спорт федерациялары арасында тығыз байланыс орнату қажеттігін айтты. Оның сөзінше, құтқарушылар жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысуы тиіс.

«Рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі ұлт сапасы соған тікелей байланысты», – деді ол.

Президент кәсіпкерлердің спортты дамытуға қатысуын ынталандыру мемлекеттік саясаттың басымдығы екенін атап өтті.

«Мемлекет бизнеске қолдау көрсетеді. Бірақ бизнес те өз тарапынан қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсетуі керек. Спорт пен коммерцияны ұтымды үйлестіру қажет», – деді Тоқаев.