Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартты
Ұлттық құрама соңғы бір жылда алғаш рет жоғары көтерілді

Қазақстанның ерлер құрамасы Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) жаңартылған рейтингінде өз позициясын жақсартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.
Рейтинг ұлттық құрамалардың соңғы ойындарының нәтижесі бойынша жаңартылды. Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында қазан айында екі кездесу өткізді: өз алаңында Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда Солтүстік Македониямен 1:1 есебімен тең түсті.
Жаңартылған кестеде Қазақстан үш сатыға көтеріліп, 115-орынды иеленді. Құраманың рейтингтегі көршілері – Ливия мен Намибия.
Бұл – 2025 жылы ұлттық құраманың алғаш рет рейтингте жоғарылауы. Осыған дейін команда өткен жылдың қазан айында 109-орыннан 107-орынға көтерілген еді.
ФИФА рейтингінде Испания көш бастап тұр. Әлем чемпионы Аргентина Францияны ығыстырып, екінші орынға жайғасты. Ал алғашқы ондықтан Хорватия түсіп, оның орнына Германия оралды.
2025 жылғы 17 қазан күнгі ерлер арасындағы ФИФА рейтингі:
- Испания – 1880,76 ұпай
- Аргентина – 1872,43
- Франция – 1862,71
- Англия – 1824,30
- Португалия – 1778,00
- Нидерланд – 1759,96
- Бразилия – 1758,85
- Бельгия – 1740,01
- Италия – 1717,15
- Германия – 1713,39...
115. Қазақстан – 1168,47.