Билет ресми түрде сатылмай тұрып, ерекше жанкүйерлерге ұсыныс түседі
«Қайрат» футбол клубы 30 қыркүйек күнгі матчтың билеттеріне қатысты анонс таратты. Футбол клубының мәліметіне сүйенсек, билеттердің бір бөлігі жеңілдікпен таратылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Футбол клубының абонементіне ие адамдар өз орындарын алдын ала және тиімді бағада сатып ала алады. Ticketon қызметкерлері сатылым басталғанға дейін алдын ала хабарласып, орындарды сатып алу бойынша толық ақпарат береді. Бұл — клубтың ең адал жанкүйерлеріне деген ерекше қамқорлығы», - деп жазған футбол клубтың ресми ақпаратында.
Ал билеттердің тағы бір бөлігі дәстүрлі түрде бекіген әлеуметтік және клуб квоталары аясында таратылады екен.
«Олар - «Қайрат» Академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілері, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшылары, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлері. Белгілі бір квота клуб демеушілеріне қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында қарастырылған», - деп хабарлайды клуб.