FIFA Қазақстанда 100 шағын футбол алаңын салады

Автор: Алмас Ерсін

Алғашқы футбол алаңдары биыл пайдалануға беріледі

Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған халықаралық FIFA Arena жобасына алғашқылардың бірі болып қосылды , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше жоба аясында еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің аумағында 100 шағын футбол алаңы салынады.

«Бұл – жобаға қатысушы елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Алғашқы алаңдар биыл Хромтау мен Көкшетау қалаларында пайдалануға беріледі. Бағдарламаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған», - деп жазылған хабарламада.

Әр алаң FIFA стандартына сәйкес салынады: көлемі 20×40 метр, жаңа буындағы жасанды шөп жабыны төселеді (non-infill turf), кіріктірілген қақпа, қоршау панельдері мен қауіпсіздік торлары орнатылады. Әмбебап құрылым алаңдарды қолданыстағы мектеп аулалары мен спорт аймақтарына ыңғайлы түрде салуға мүмкіндік береді.

Жоба ең алдымен шағын қалалар мен ауыл мектептерін қамтиды. Қаржыны FIFA бөледі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсетеді.

«Футбол еліміздің барлық өңірінде дамып келеді, бүгінде ол ең танымал бұқаралық спорт түрлерінің бірі саналады. Қазіргі таңда футболмен 1,1 миллионнан астам адам жүйелі түрде айналысады. Одан бөлек 7 378 жаттықтырушы жұмыс істейді. Елімізде 280 стадион, 148 футбол манежі, 7 мыңнан астам мектеп алаңы және 400-ден аса дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар», - дейді ведомство мамандары.

Премьер-лигада 14 кәсіби клуб өнер көрсетсе, 242 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 40 мыңнан астам жас футболшы дайындалуда.

Кейінгі жылдары елімізде FIFA және УЕФА-ның қолдауымен Талғарда ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу базасы, Астанада Футбол үйі мен манеж, Шымкентте жеке «БИІК» базасы және Қостанайда «Тобол» клубына арналған толыққанды манеж салынды.