Осылайша ол жарысты ерте аяқтады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик АҚШ-та өтіп жатқан US Open – 2025 турнирінің жұптық разрядында жарысты ерте аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық теннисші Александр Бублик бразилиялық әріптесі Марсело Демолинермен бірге АҚШ ашық чемпионатына қатысқан еді. Бірақ дуэт алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалды.
Олардың қарсыластары – бразилиялық Фернандо Ромболи мен австралиялық Джон-Патрик Смит. Кездесу екі сетке ғана созылып, 3:6, 2:6 есебімен аяқталды.
Жанкүйерлер үшін қуанышты жаңалық – Бублик жеке разрядтағы жарысын жалғастырып жатыр. Ол алғашқы екі ойында бірде-бір сет жоғалтпай, үшінші айналымға шықты. Бұл – оның АҚШ ашық чемпионатындағы үздік нәтижесінің қайталануы.
US Open – жылдың соңғы «Үлкен дулыға» турнирі. Жарыс Нью-Йоркте хард корттарда өтеді және теннис маусымының басты қорытынды додаларының бірі саналады. Мұнда әлемнің үздік теннисшілері жиналып, рейтинг пен бедел үшін күреседі.