«Ол менен бір нәрсе талап етті»: Сабина Алтынбекова жаттығудан жылап қайтқан кездерін еске алды

Автор: Алмас Ерсін

Сабина Алтынбекова 2013–2018 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті

Фото: @altynbekova_20/Instagram

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында 2014 жылы Қазақстан жастар құрамасының бас бапкерімен арада болған келіспеушіліктер жайлы ашық айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Волейболшы бапкермен қарым-қатынасы дұрыс болмағанын жасырмады.

«Маған не үшін теріс көзқараста болғанын түсінбедім. Кейіннен «ол мүлдем ойнай алмайды, тек әдемі қыз ғана, Сабинаға назардың артуынан құрама жеңіліп жатыр» деген сөздер айтылды. Мен мұны қақтығыс деп емес, көбірек түсінбеушілік деп қабылдадым. Ол менен бір нәрсені талап етті, бірақ оның нақты не қалағанын ұға алмадым. Әр жаттығудан кейін көз жасымды тыя алмай қайтатын кездерім болды. Біз қонақүйде тұрғандықтан, бапкерге қоңырау шалып: «Ұлттық құрамада ойнағым келмейді, қатты шаршадым» деп айтатынмын», — деді спортшы.

Айта кетері, Сабина Алтынбекова 2013–2018 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті. Ол ұлттық команда сапында алғаш рет 2013 жылы 23 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында дебют жасаған. Ал 2014 жылы Тайбэйде өткен U-19 Азия чемпионатынан кейін бүкіл Азияға кеңінен танылды. 2018 жылдан бастап ол құрамаға шақыру алмаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сабина Алтынбекова елге оралғанын хабарлаған едік. 28 жастағы спортшы алдағы маусымда елорданың «Астана» волейбол клубының намысын қорғайды. Сабина былтырғы маусым алдындағы дайындық кезеңінде де «Астанамен» бірге жаттығып, кейін Индонезия чемпионатына ойнауға кеткен.