Бақтияр Артаевтың басы дауға қалды
Мені елемегенді қойып, енді бапкеріме де бір жапырақ қағаз бермеді, деп ашуланды Мөлдір Жаңбырбай

Қазақстан тарихында каратеден тұңғыш әлем чемпионы атанған Мөлдір Жаңбырбай күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі спортшының айтуынша, оның жеке бапкері Нұржан Ақпанбет өз еңбегі мен жетістіктеріне сай құрметке ие болмаған.
Айта кетейік, бүгін Сыр өңірінде «Спорт күні» қарсаңында әр спорт түрінен бапкерлерді марапаттап, сый құрмет көрсетті. Алайда каратеден әлем чемпионын тәрбиелеген бапкер бұл тізімге ілікпеген.
«Каратеден басқа бапкерді марапаттапты. Оның шәкірттері менікіндей нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Ал менің бапкерім Нұржан Ақпанбет сол құрметке әбден лайық. Бұл жерде қандай талаптарға сүйеніп марапаттап жатқанын түсінбеймін. Менің еңбегім ескерілмей қалуына етім үйреніп кеткен. Бірақ бапкерімнің еңбегін елемеу – әділетсіздік. Бір жапырақ қағазды қимайтындай не болды? Неліктен лайықты адам ескерусіз қалып жатыр?» – дейді Мөлдір Жаңбырбай.
Осы жағдайға байланысты журналист Ақырыс Сейтқазы да өзінің Instagram парақшасында пікір білдіріп, аймақ спортына жауапты Бақтияр Артаевқа наразылығын жеткізді.
«Бақтияр Артаев спорттағы мықтыларды жинаған екенсіз, каратеден жалғыз әлем чемпионы Мөлдірдің жеке бапкерін көзге ілмепсіздер, әлде 1 миллион теңге берген соң, сол жетеді дедіңіз бе?» — дейді ол.
Айта кету керек, Мөлдір Жаңбырбай каратеден Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы. Барған әр жарысынан жүлдемен оралып жүрген санаулы спортшылардың бірі. Каратеден тұңғыш әлем чемпионы, 2021 жылғы Азия чемпионы. Жақында дүниежүзілік ойындарда күміс жүлдеге ие болған.
Бұған дейін Grand Winner сыйлығын екінші рет жеңіп алған кезде Мөлдірге облыстық спорт басқармасының басшысы 700 мың теңге сыйақы беріп, біраз сынға ұшыраған еді.