Менің барлық жетістігім мен жеңісімнен кейін де ешқандай марапат та, құттықтау да болған жоқ дейді спортшы
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, одан көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанның кейбір бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан ұзақ уақыт бойы маған ақпараттық шабуыл жасалып келеді: менің жеңістерімді төмендетуге, ал жетістіктерімді қаралауға тырысады. Мен мұның артында біреу тұрғанына сенімдімін. Құрметті мемлекет басшысы, сіз менің жеңістерімнен хабарсыз қалу үшін осылайша жетістіктерімді жасыру арқылы әдейі жасалып отыр. Сізге тікелей жүгінуден басқа амалым қалған жоқ. Бұл үндеу – менің жанайқайым», - дейді Лукас.
Боксшы қыз карьера жолында әлемнің көптеген мықты спортшылары мен чемпиондарын жеңгенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда Ангелина Лукас екі әлемдік рейтингке кіріп, әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін жекпе-жекке алғашқы міндетті үміткер атанған. 7 тамыз күні WBC Лукас әлемдік рейтингте көш бастағанын ресми түрде жариялаған.
«Бұл — менің ғана емес, бүкіл елдің жетістігі, қазақстандық бокстың әлемдік аренада мойындалуы. Спортшы халықаралық аренада өз елінің туын көтеріп, әлемдегі ең үлкен атаққа ұмтылғанда, ол елінің оған тілеулес болып, тірек болғанын армандайды», - дейді Лукас.
Кәсіпқой бокстағы жеңістері мен жетістігін тізіп шыққан боксшы қыз ешқандай марапат та, тіпті құттықтау да болмағанын айтып шағымданды.
«Осы жағдайға назар аударып, маған абсолютті әлем чемпионы атағына жету жолында қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Бұл менің ғана мақсатым емес, бүкіл Қазақстанға әлем боксы тарихына ену үшін берілген мүмкіндік», - деп жазды Лукас желідегі парақшасында.