Ол жаттықтырушы ретінде алатын 350 мың теңге жалақысы жетпегендіктен, қосымша табыс табу үшін базарда тойбастар мен бесік жабдықтарын сатуға мәжбүр
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл мемлекеттік ArtSport бағдарламасы аясында қызмет көрсеткен соң, 20 миллион теңгеден астам қарызға батқан. Спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде алатын 350 мың теңге жалақысы жетпегендіктен, ол қосымша табыс табу үшін базарда тойбастар мен бесік жабдықтарын сатуға мәжбүр. Бұл туралы күні кеше журналист Ақырыс Сейтқазына берген сұхбатында спортшы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист атағандай, спортшы бұл әрекеті үшін Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көріп отыр.
Басқарма өкілдері: «Базарда жұмыс істейтін болсаң, спорт мектебіндегі орныңды босат» деп талап қойған. Қазіргі таңда спортшы денсаулығына байланысты еңбек демалысында.
ArtSport бағдарламасы аясында алынған спорттық жабдықтардың бір бөлігін Жазира арзан бағамен немесе тегін таратып берген. Қалған кілемдер мен татамилер қорада шаң басып тұр. Бұл – бағдарлама бойынша сатып алынған құрылғыларды тиімді пайдалану тетіктерінің әлсіздігін көрсетеді.
Журналист Ақырыс Сейтқазының айтуынша, қазіргі таңда көптеген жаттықтырушы такси жүргізіп, бірнеше спорт залда қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Жазира Жаппарқұл да солардың қатарында – ол тек күнкөріс үшін базар аралап жүр.
«Олимпиадада ел намысын қорғаған қыздарымыз көп пе еді? Жазира – санаулы чемпионның бірі. Осындай еңбекқор, қарапайым қазақ қызына қысым жасау – әділетсіздік. Спорт министрлігі бұл мәселеге назар аударып, нақты көмек көрсетуі керек», – дейді Ақырыс Сейтқазы.