Боксшы қазір өзінің салмағын 67-ден 70 келіге көтеріп, жаңа салмаққа бейімделу үстінде
30 маусымда елордада бокстан Әлем кубогының кезекті кезеңі басталады. Соған байланысты ұлттық құраманың жас спортшыларының бірі Төрехан Сабырхан Olympic.kz сайтына берген сұхбатында не үшін жарысқа қатыспайтынын айтып, алдағы жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Оқу-жаттығу жиыны басталған сәттен-ақ АҚШ құрамасының спортшылары келіп, бірлесіп жаттығып жатырмыз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, пайдалы дүниелерді үйренеміз», - дейді Төрехан Сабырхан.
Оның айтуынша қазір өзінің салмағын 67-ден 70 келіге көтеріп, жаңа салмаққа бейімделу үстінде.
«Алда U22 Азия чемпионаты өтеді, сол додаға қатысуға мүмкіндік туып қалуы мүмкін. Алдағы жарысқа мен қатыспаймын. Бұл жолы 70 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан ағамыз бақ сынайды. Абылайхан ағаның бұл салмақтағы тәжірибесі мол. Сондықтан бапкерлер штабы дәл осы жарысқа оны шығаруды жөн деп тапты. Әрине, бапкердің шешімі - біз үшін заң. Әзірге мен осы салмақ дәрежесінде екінші нөмірлі спортшымын ", - деп түйіндеді спортшы.