Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатының финалында ұтылып, күміс медальға ие болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазақстандық спортшы финалда италиялық қарсыласынан жеңілді

Фото: Olympic.kz

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова Венгрия астанасы Будапеште өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ол 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Финалда Скуттоға жол берді

Шешуші белдесуде Әбиба италиялық Асунта Скуттомен кездесіп, өкінішке қарай, иппон әдісімен жеңіліп қалды. Осылайша, Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатының күміс медалінің иегері атанды.

Қазақ дзюдосындағы тарихи жетістік

Бұл жетістік – қазақ қыздары тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалына шыққан дзюдошының нәтижесі. Бұған дейін Әбиба екі рет қола жүлде жеңіп алған болатын. Осы жолғы күміс – оның әлем біріншілігіндегі үшінші медалі.

Мағжан Шамшадин жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады

Ал 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Мағжан Шамшадин де жүлде үшін белдесу мүмкіндігіне ие болды. Алайда ол жұбаныш белдесуінде венгриялық Мартон Андрасиге есе жіберіп, жүлдесіз қалды.