Қылмыстық іс қозғалды
«Ордабасы» футбол клубының басшылығы 2,3 миллиард теңге бюджет қаражатын негізсіз жұмсады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ордабасы» футбол клубының бұрынғы президенті Б.Т.Абдубаитов өз өкілеттігін асыра пайдаланып, Директорлар кеңесінің шешімінсіз футболшыларға ірі мөлшерде үстемеақы белгілеген. Дәлірек айтқанда, 21 футболшыға 2,3 млрд теңге бонус төлеу бойынша келісімшарт жасалған», - деп мәлімдеді Шымкент қаласының прокуратурасы.
Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі, билікті немесе лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жүргізеді.
Сондай-ақ, «Конференция лигасының» II-турына өтпей, оған қарастырылған 1,2 млрд теңге қаражатты бюджетке кері қайтармай, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Клуб басшылығы бұл ақшаны футболшыларға үстемеақы төлеуге және клубтың салық берешегін өтеуге жұмсап жіберген.
ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді.