Бокстан Қазақстан құрамасы халықаралық турнирде бірінші орын алды

Автор: Алмас Ерсін

Біздің спортшылар 5 алтын және 3 қола медаль иеленді

Фото: pixabay

Eindhoven Box Cup халықаралық турнирінде бокстан Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан 5 алтынмен көш бастады

Жарыс Нидерландының Эйндховен қаласында өтті.

Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша біздің спортшылар 5 алтын және 3 қола медаль иеленді.

Турнир чемпиондары:

  • Даниял Сәбит
  • Абылайхан Жүсіпов
  • Ерасыл Жақыпбеков
  • Дәулет Төлемісов
  • Нұрлан Сапарбай

Қола жүлдегерлер:

  • Ертуған Зейнуллинов
  • Сабыржан Аққалықов
  • Сағындық Тоғамбай.

Өзбектер мойындамады

Қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов финалда өзбекстандық Асадходжа Муйдинходжаевты жеңген болатын. Алайда Өзбекстан бокс федерациясы Абылайхан Жүсіповтің жеңісін мойындамады.

Айтуларынша, жекпе-жек тоқтатылғанға дейін спортшылар тең жұдырықтасқан.

"Қазақстандық боксшы жарақат алып, жекпе-жек бірінші раундтан кейін тоқтатылды. Төрешілер түсініксіз шешім қабылдады, раунд тең өтсе де, жеңісті 2:3 есебімен Қазақстанға берді", – деп мәлімдеді федерация.