«Алтыннан жаңбыр жауған күн»: қазақтың 12 боксшы қызы 12 медаль иеленді (ВИДЕО)
Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ

Шри-Ланканың Коломбо қаласында өтіп жатқан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы айқын басымдық танытты. Турнирдің жартылай финалдық кезеңі қорытындыланып, финалға шыққан боксшылар саны бойынша Қазақстан абсолютті рекорд орнатып, 47 спортшы шешуші айқасқа жолдама алды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қазақстаннан кейінгі екінші орында — Қырғызстан (13 финалист), ал үшінші орынды Үндістан (11 финалист) командасы тұр. Финалдық жекпе-жектер 22 және 23 мамырда өтеді.
«Қыздар арасында алтыннан жаңбыр жауған күн»
Қазақстанның жасөспірімдер қыздар құрамасы (U-18) үшін бұл жарыс тарихта қалары сөзсіз. Олар чемпионаттағы 12 алтын медальдің бәрін жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. Оның ішінде бес боксшы жекпе-жектерін нокаутпен немесе техникалық басымдықпен мерзімінен бұрын аяқтады.
Азия чемпионатының алтын иегерлері (U-18):
- Айым Танқыбаева (48 кг дейін),
- Сила Биболсынқызы (50 кг дейін),
- Рахмина Абдумежитова (52 кг дейін),
- Жанель Имантаева (54 кг дейін),
- Ақнұр Тұрсынғали (57 кг дейін),
- Толғанай Қасымхан (60 кг дейін) – 1-раундта мерзімінен бұрын жеңіс,
- Алина Құдайгенова (63 кг дейін) – нокаутпен жеңіс,
- Ақбота Есимбекова (66 кг дейін) – 1-раундтағы нокаут,
- Мария Сидоренко (70 кг дейін) – қарсыласы жекпе-жектен бас тартты,
- Зарина Толыбай (75 кг дейін),
- Күлай Егінбайқызы (81 кг дейін) – 1-раундтағы нокаут,
- Сабина Жақсылық (81 кг жоғары).
Қазақстан — жалпы командалық есепте көшбасшы
Чемпионат U-18 және U-22 жас санаттары бойынша, ерлер мен әйелдер арасында бір мезгілде өтіп жатыр. Жарыс нәтижелері бойынша Қазақстан құрамасы финалистер саны және алдын ала жеңіп алған медальдар бойынша сенімді түрде көш бастап келеді.