Парижде Чемпиондар лигасының финалына өткен ПСЖ жанкүйерлері тәртіпсіздік орнатты (ВИДЕО)
Олар дүкендерді қиратып, полицейлерге тас лақтырған

Париждің орталығындағы Елисей алаңында «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) клубының жанкүйерлері арасында үлкен тәртіпсіздік болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 8 мамырға қараған түні болған. Жанкүйерлер жеңісті тойлау барысында дүкендердің терезелерін сындырған, полиция қызметкерлеріне тас лақтырған. Құқық қорғау органдары тәртіпті қалпына келтіру үшін көзден жас ағызатын газ және резеңке таяқ қолдануға мәжбүр болған.
Оқиға орнынан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісін жанкүйерлер қоршап, терезесін сындыруға тырысқан. Жүргізуші қашып құтылу үшін көлігін алға қарай бағыттап, бірнеше адамды қағып кеткен. Бұған ашуланған топ оны көліктен шығарып, көлікке от қойған.
Осы сәтте көлік жарылып, үлкен жарылыс орын алды. Куәгерлердің айтуынша, көлікке от қойған жанкүйерлердің өзі жарылыстың құрбаны болған. Үш адам ауруханаға түскен, біреуі - ауыр хәлде.
Оқиға ПСЖ футбол клубының Чемпиондар лигасының финалына өтуін атап өткен түні орын алды. Кеше кешке өткен матчта париждік клуб ағылшындық «Арсеналды» 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің финалына жолдама алған болатын.