Рыпакова жуырда ғана жеңіл атлетика федерациясының президенті болған
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бір ай бұрын жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметіне кіріскен Ольга Рыпакованы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы министрдің өзі жазып, кездесу барысында қандай мәселе талқыланғанын хабарлаған.
«Жуырда Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті болып сайланған даңқты спортшымыз, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковамен кездесіп, елордада өтетін Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир жөнінде пікір алмастық», - деп жазды министр.
Ол Әмин Тұяқов Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихындағы айтулы тұлға екенін, өз дәуірінде КСРО чемпионаттарының жеңімпазы және жүлдегері, КСРО рекордсмені, Еуропа кубогінің иегері, Еуропа чемпионатының жүлдегері атанғанын атап өтті. Әмин Тұяқов сондай-ақ КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
«Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының күнтізбесіне енген турнир 2025 жылғы World Athletics Indoor Tour Gold сериясы аясындағы алғашқы жарыс болмақ. Мұндай турнир тек біздің елде ғана емес, әлемнің тоғыз қаласында да өтеді. Турнирге әлемдік жеңіл атлетика жұлдыздары қатысады. Олардың қатарында Олимпиада және әлем чемпиондары мен жүлдегерлері бар», - деп жазды министр.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 11 желтоқсанында Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Даниал Ахметовтің орнына жеңіл атлетика федерациясының президенті болып сайланған еді.