Ол Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге бірде бір ойында жеңіске жеткен жоқ
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов ресейлік «Ахмат» клубының тізгінін ұстауы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Рубин» командасының бұрынғы қорғаушысы Алексей Попов «Спорт день за днем» басылымына берген сұхбатында отандасы Станислав Черчесовке қатысты осындай мәлімдеме жасады. Қазір «Ахмат» клубы сәтсіз кезеңін өткізіп жатыр. Осыған байланысты команданың бас бапкері Сергей Ташуев қызметінен кетуі мүмкін.
«Олардың тізімінде Черчесов бар. Демек ол команда тізгінін ұстауы мүмкін. Черчесовтің «Ахматқа» келу мүмкіндігі туралы сыбыс жайдан жай шығып жатқан жоқ. Ол команданы премьер-лигада сақтап қалуы мүмкін. Черчесовпен бірге тіпті үздік алты команданың қатарына да кіруі мүмкін», - дейді Алексей Попов.
Айта кетейік, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған күннен бастап басы даудан арылған жоқ. Ресейлік маманның басшылығымен қазақстандық футболшылар Ұлттар лигасында соңғы орын алды. Осы аралықта команда қарсылас қақпасына тіпті бірде бір гол соға алған жоқ. Ал өз командасына 15 гол жіберіп алды.