Зарина Сарипова қазақ күресінен Көшпенділер ойындарының чемпионы атанды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен екі алтын және кураш спорт түрінен екі қола жүлде ел қоржынына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұлттық және ат спорт түрлері орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Зарина Сарипова қазақ күресінен Көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. 65 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда өзбекстандық қарсыласын ұтты. Әйелдер арасында 70 келі салмақта Роза Нысантайқызы қазақ күресінен көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.
Бұған дейін, қазақ күресінен бес спортшы финалға шыққанын хабарлаған едік. Ерлер арасында Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі) пен Жарылғапов Нұрдәулет (+100 кг)алтынға, Ерасыл Жанатаев (90 келі) қола жүлдеге таласады. Әйелдер арасында Зарина Сарипова (65 келі), Роза Нысантайқызы (70 келі), Зәмзәгүл Файзолланова (77 келі) финалға шықты. Ал +77 келіде Альбина Бахиева қола жүлде үшін күреседі.
Еске сала кетсек, қазақ күресінен алғашқы жарыс күні сынға түскен қазақстандық сегіз спортшы алтын жүлдеге ие болған еді.
Кураштан ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Марат Нигматуллаев қола жүлдеге ие болды. Кураштан 57 келі салмақта сынға түскен Алтынай Нұрханова көшпенділер ойындарының қола жүлдегері атанды.
Еске сала кетсек, кураштан 7 спортшы жартылай финалға жолдама алған болатын. Олар: ерлер арасында Марат Нигматуллаев пен Ернұр Сүлейменов (екеуі де 60 келі), Айбек Қазақбаев (66 келі), Нұрдін Шаймерден және Әділет Ахметғали (екеуі де 73 келі) және әйелдер арасында Толғанай Абеуова және Алтынай Нурахова (екеуі де 57 келі).