Олимпиадаға қатыспаған Елена Рыбакина тағы да жарақат алып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол франциялық теннисшімен кездесуден бас тартты

Фото: ktf.kz

Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тағы US Open турнирін жалғастырудан бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елена Рыбакина чемпионаттың екінші айналымында франциялық теннисші Джессика Поншемен өтетін ойынға қатысудан бас тартты. Спортшының айтуынша, сайыстан шығуына жарақаты себеп болған.

«Өкінішке орай, жарақатыма байланысты бүгінгі матчтан бас тартуға мәжбүр болып тұрмын. Маусымның соңғы «Үлкен дулыға» турнирін бұлай аяқтағым келмеген, бірақ өз денеме құлақ асуым керек. Жылды жақсы аяқтаймын деп үміттенемін. Мені қолдайтын барлық жанкүйерге алғыс айтамын, турнирде қалған ойыншыларға сәттілік тілеймін», – деді Рыбакина.

Елена Рыбакина биылғы маусымда осымен сегізінші турнирге қатысудан өз еркімен бас тартты.