Он жыл дайындық, соңғы сәттегі жолдама, Олимпиада финалы: Нариман Құрбанов сұхбат берді

Azattyq Rýhy

Ол өз сөзінде бұл жетістігі аталған спорт түрінің кеңінен таралып, оң бағытта дамуына үлкен үлес қосады деп ойлайтынын айтты

Он жыл дайындық, соңғы сәттегі жолдама, Олимпиада финалы: Нариман Құрбанов сұхбат берді
Фото: Olympic.kz/Сали Сабиров

Париж ойындарында спорттық гимнастикадан тарихи жүлде алған Нариман Құрбановтың Олимпиадаға бастар жолы оңай болған жоқ. Токиодағы төртжылдық додасына бір қадам қалғанда сүрінген ол Париж додасына қатысу үшін бар күші мен мүмкіндігін сарп еткен. Olympic.kz гимнастың жаттығу барысы туралы қызықты мәліметтер жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отандасымыз Олимпиада жолдамасын ең соңғы сәтте, әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша иеленген. Ал нәтиже жұрт күткеннен де асып түсті. Франция астанасында Құрбанов тұтқалы ат жаттығуынан күміс медаль жеңіп алды.

«Шыны керек, Токиодағы жазғы ойындарға бара алмаған соң, келесі Олимпиадаға қатысу үшін барымды салдым. Бағдарламаны толық өзгертіп, жаттығу барысын да ерекше назарда ұстадым. Осы олимпиадалық цикл америкалық төбешіктерді еске салады. Бірде ірі жарыста жеңіске жетсем, енді бірде жеңіліс табамын. Бұл жеңіліске психологиялық тұрғыдан толық дайын болмағаным себеп болды. Міне, Олимпиаданың медалін алған соң, осы жетістікке жеткеніме сене алар емеспін. Бұл медальға қаншама еңбек сіңірілді, қаншама тер төгілді.

Кәсіби спортта жүрген бірнеше жылдың ішінде мен айтарлықтай тәжірибе жинадым. Сондықтан, жарыс жолына бірінші шығамын ба, әлде ең соңынан шығамын ба, бәрібір. Париж Олимпиадасының финалында жаттығуды бірінші орындағанымның ең үлкен бір басымдығы болды. Бұл – қарсыластарымның қандай ұпай алғанын көрмегенім. Өзгелердің әлдеқайда жақсы ұпай алғанын көру мен үшін қиын соғар еді. Ортаға шықтым, жаттығуды орындадым, болды. Әрі қарай медаль алатын сәтімді күттім», - дейді Нариман Құрбанов.

Ол өз сөзінде бұл жетістігі аталған спорт түрінің кеңінен таралып, оң бағытта дамуына үлкен үлес қосады деп ойлайтынын айтты.

«2013-2014 жылдары мектепті енді бітіріп, үлкен спортқа қадам бастым. Сол кезде жаттығуға үнемі таксимен қатынайтын едім. Әлі есімде, такси жүргізушілері менің спортшы екенімді біліп, сөзге тартатын. Бір қызығы, спорттық гимнастика дегенді ешкім білмеуші еді. Бізді көбіне футболмен немесе жеңіл атлетикамен шатастыратын. Арада он жылдай уақыт өткенде, спорттық гимнастикадан залдар ашыла бастады, біздің спортшылар әлемдік жарыстарда жүлдеге ілікті. Ал Париждегі жеңістен соң, елімізде спорттық гимнастиканы жақсы біле бастағанына сенімім зор.

Олимпиада алдында мені қатты қорқытты. Айналамдағы жанның бәрі Олимпиада рухының жоғары екенін, мұндағы қысым мен жауапкершіліктің салмағы ауыр екенін айтумен болды. Осыны естіп алған соң, мен де қобалжи бастадым. Ал шын мәнінде мен мұндай қысымды сезбедім. Әдеттегідей ортаға шығып, қолымды көтердім де, жаттығуды бастап кеттім. Келесі аптада да айтарлықтай сезімге ерік бергенім жоқ. Басқа спортшылар айтқандай, дәл осы сәттен, Олимпиада атмосферасынан ләззат алып, өзімнің финалға шыққаныма риза болдым», - деді ол.

Отандасымыздың басты қарсыластарының  бірі – иорданиялық Абу Ахмад Олимпиаданың финалынан сырт қалды. Нариман екеуі ұзақ уақыттан бері жақсы дос әрі қарсылас болған көрінеді.

«Онымен жарысқа көп түсетінмін. Соңғы әлем чемпионаттарын ол медальмен аяқтады және Олимпиадаға іріктеу турнирінде бірінші орын алғаны бар. Мен екінші орынмен өттім. Парижде иорданиялық гимнастың өте сәтсіз өнер көрсеткеніне қатты таң қалдым. Бір жағынан, ең мықты қарсыластың бірі қатардан шығып қалғанын түсіндім.

Жаттығудың ең соңғы бөлігі – аттан секіріп түсетін сәт мен үшін қашан да қиын соғатын. Мен үнемі, жүйелі түрде осы жерден қателестім. Тіпті, Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде де дұрыс орындамадым. Доха мен Бакуде өткен әлем кубогы кезеңдерінде де қате жібердім. Әсіресе, психологиялық жағынан бірдеңе дұрыс болмайтын. Мысалы, жаттығуды тым жақсы орындап келе жатамын да, ішімнен бір үрей пайда болып, қорқа бастаймын. Қолым ырқыма көнбей қояды немесе мен бар қиындықты көрсетпей, жаттығуды аяқтай саламын. Олимпиаданың финалы болатын күні де таңғы жаттығу кезінде мен осы аттан секіріп түсетін сәтті орындай алмай-ақ қойдым. Ал финалда бар күшімді жинадым, басқа ойдан ада болдым. Бәрін бастан аяқ орындадым.

Финалда мен әлемнің кіл мықтыларымен кездестім. Ирландиялық Риз Макланнаген психологиясы өте берік спортшы. Америкалық Стефан Недорошик қалың жанкүйер алдында өнер көрсетуден қорықпайтын адам. Өйткені, Америка чемпионатының өзі Олимпиададан кем емес. Сондықтан, мен өзімді жақсы қарсылас болдым деп есептеймін», - дейді Нариман Құрбанов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.