Спорт саласында кешенді реформа жасайтын уақыт келді – Тоқаев

Молдатай Сымбат

Президент бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшқанын» айтты

Спорт саласында кешенді реформа жасайтын уақыт келді – Тоқаев
Фото: Ақорда

Париждегі бәсеке олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдау маңызды екенін көрсетті. Өйткені кейбір спортшыларымыз жеңіс тұғырына қолсозым жерден тоқтады, үздік ондықтан көрінді. Бұл олардың шеберлігін әрі жеңіске деген ерік-жігерін байқатады. Әйтсе де, Мемлекет басшысының пікірінше, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы 5 жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскен, бірақ соған лайық нәтиже жоқ

«Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Прездент бүгінде әр өңір қандай спортты қолдайтыны туралы шешімді өз бетінше қабылдайтынын сынға алды. Үкіметке жағдайды бақылауға алып, спортқа қатысты мекемелердің барлық деңгейіндегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар еліміздің спорт қауымдастығы мен шетелдерде Ұлттық олимпиада комитетінің беделін көтеру туралы міндет жүктеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.