Ол 58 келі салмақта сынға түсті
Таеквондодан Қазақстан командасының мүшесі Самирхон Абабакиров Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жекте жеңіліс тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерлер арасында 58 келі салмақта сынға түскен Абабакиров алғашқы айналымда Олимпиада чемпионы, италиялық Вито Дел'Акилаға қарсы шыққан. Алғашқы кезеңде 12:6 есебімен басымдық танытқан Самирхон соңғы екі кезеңде қарсыласқа есе жіберіп алды.
Бұл – қазақстандық таеквондошының алғашқы Олимпиадасы. Ол өз мансабындағы тұңғыш ойында Олимпиада чемпионынан қаймыққан жоқ.
Енді ол қарсыласының финалға жетуін күтеді. Егер италиялық спортшы ақтық сынға жетсе, Самирхон Абабакиров жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алады.