Тағы бір спортшы әйел Олимпиадаға аяғы ауыр кезінде барғанын жария етті
Ол 1/16 ойынында жеңіліс тапты
Әзербайжан құрамасының садақ ататын спортшы Яйлагюль Рамазанова жүктіліктің жетінші айында Олимпиадада сенсация жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы спортшы Парижде өнер көрсеткеннен кейін айтты. 1/32 финалда 34 жастағы әзербайжандық спортшы қытайлық Ан Гихуаньмен бәсекелесіп, 6:5 есебімен жеңіске жетті.
Неміс Мишель Кромменге қарсы финалдың 1/16 ойынында Яйлагюль 2:6 есебімен жеңіліп қалды. Рамазанованың қатысуымен өткен матчтар кезінде Әзербайжан садақшысының жағдайына байланысты көрермендер оған ерекше қолдау көрсетті.
«Баланың жағдайы жақсы. Жүктілікке қарамастан, мен Олимпиадаға дайындала алдым. Менің ұстанымым жаттығуға кедергі болмады. Бүгін көрермендер мені қатты қолдады. Әрі қарай жүргім келді, бірақ нәтиже олай болмады», - дейді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Мысыр ұлттық құрамасының мүшесі Нада Хафез жарыс кезінде құрсағында 7 айлық сәбиі болғанын айтқан еді.