«Қызуым көтеріліп, тыныс ала алмай қалдым»: Рыбакина қазақстандықтарға үндеу жасады (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол жақын арада қайтадан жарыса бастайтынынан үмітті 

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина қазақ елінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті қазақстандықтар, жанкүйерлер, сіздердің алдарыңызға шығып, мән-жайды түсіндірудің сәті енді түсті. Париж олимпиадасына Қазақстан құрамасының атынан қатыса алмағаным үшін көңілім қатты құлазыды. Мен құрамамен бірге дайындалдым. Бірақ дәл ойынның  алдында ауырып қалдым, қызуым көтеріліп, тыныс алу қиындық тудырды. Сондықтан дәрігерлер кортқа шығуға тыйым салды. Барлық қазақстандық жанкүйерден ақталмаған үміт үшін кешірім сұрағым келеді. Өз командаммен бірге көп еңбек еттім, медаль әкелгім келді», - дейді Рыбакина.

Спортшының айтуынша, Токио олимпиадасында жеңіске бір табан жақын қалған, олимпиада медалі ол үшін маңызды.

«Жақында кортқа шығам деп үміттенемін. Өз отандастырма алғыс айтқым келеді. Әлемнің қай түкпірінде өнер көрсетсем де, жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен қолдауын сеземін», - дейді Елена Рыбакина.

Еске салсақ, Теннистен әйелдер ұлттық құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина 25 шілдеде 2024 жылғы Олимпиадаға қатысудан бас тарту туралы мәлімдеме жасады. Спорт сарапшысы бізге берген сұхбатында Рыбакина Қазақстанды осымен үшінші «лақтырып» кеткенін айтқан еді.