Қазақ қызы әлемдік рейтингте ең үздік 5 дзюдошының қатарына енді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 5 184 ұпаймен 4-ші орында тұр

Фото: ijf.org

Қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Әбиба Абужақынова әлемдік рейтингте ең үздік 5 дзюдошының қатарына енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жуырда Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Grand Slam турнирінде күміс медаль иеленген Әбиба Абужақынова әлемдік рейтингте үздіктердің қатарынан көрінді.

Әлемдік рейтингте қазақ спортшысының алдында италиялық Ассунта Скуттоны, француз Ширин Букли мен жапон Нацуми Цунода тұр. Ал Әбиба Абужақынова 5 184 ұпаймен 4-ші орында тұр.

Әбибаның Ташкентте жеңіп алған күміс жүлдесі оның мансабындағы Grand Slam жарысының алғашқы күмісі болса, осы жылғы маусымнан бергі әлемдік додалардағы үшінші медалі.

Айта кетейік, ол қаңтар айында Португалияда өткен Grand Prix және Бакудегі Grand Slam жарысында үшінші орынды еншіледі.