Әлем чемпионы Жанқош Тұраров Алматыда әлемге әйгілі жапондықпен жұдырықтасады

Автор: Azattyq Rýhy

Бокс кеші 10 желтоқсанда өтеді

10 желтоқсан күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында дүбірлі бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жекте жеңіліс дәмін білмейтін отандасымыз Жанқош Тұраров (27-0, 20 КО) өзінің ең үлкен жекпе-жегіне шығады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қарсыласы — әлемге танымал көп дүркін Жапония мен Азия чемпионы Акихиро Кондо (37-11-2, 21 КО). Боксшылар сарапқа IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы мен WBA Gold World чемпиондық белдіктерін салады.

Бұдан бөлек шаршы алаңға қазақ боксының жарқын жұлдыздары Виктор Коточигов, Балауса Мұздыман, Елшат Нығметолла, Елхан Табынбаев және басқалар көтеріледі. Кештің бас ұйымдастырушысы Лейла Камалованың бастауымен LK Production болады.

Айта кеткен жөн, Тұраров үшінші рет қатарынан желтоқсан айында жылдың қорытынды жекпе-жектерін өткізіп келеді. 2021-де отандасымыз Абдумонем Саидті тізе бүктірсе, 2022-нің соңғы айында бұрынғы әлем чемпионы Луис Энрике Ромероны жарқын нокаутқа жіберген болатын.