XIX Азия ойындары: Қазақстан ТОП-10 елдің қатарына кірді

Автор: Azattyq Rýhy

Әзірше қоржында 3 алтын, 3 күміс және 10 қола медаль бар

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бүгінгі 2 алтын жүлденің және күміс пен қола медальдардың арқасында жалпыкомандалық есепте 9-орынға шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Топ басына алаң иелері Қытай Халық Республикасының спортшылары орналасып отыр. Олар 81 алтын, 45 күміс және 23 қола медаль алды.

Екінші орында Оңтүстік Кореяның өкілдері келеді. Бұл мемлекет спортшылары 20 алтын, 19 күміс және 35 қола жүлдені жеңіп алды. Алғашқы үштікті Жапония құрамасы қорытындылайды. Күншығыс елінің өкілдерінде 15 алтын, 27 күміс және 24 қола медаль бар.

Ал Өзбекстан саңлақтары төртінші орында тұр. Бұл ел алғаш рет өз тарихында жалпыкомандалық есепте төрттікке кірді. Бұл мемлекеттің өкілдері әзірше 6 алтын, 10 күміс және 13 қола медальді жеңіп алды. Содан кейін үздік бестікте Үндістан спортшылары бар. Үнді елі 6 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлдемен 5-орынға шықты.

Одан кейінгі орындарда Таиланд, Гонконг, Иран елдерінің спортшылары келеді. Қазақстан спортшылары 3 алтын, 3 күміс және 10 қола медальмен 9-орынға көтерілді.

Қазақстанның ізінен Индонезия келеді. Оларда да 3 алтын мен 3 күміс жүлде бар. Бірақ 2 қола ғана иеленді.

«Қазір Ханчжоудағы Азиадаға елімізден спорттың 30 түрінен 524 спортшы (262 ер және 262 әйел) қатысып жатыр. Оның 27-сі олимпиялық бағдарламаға кірсе, қалған 3-еуі – олимпиялық емес спорт түрлері. Сонымен қатар, Азиадада 8 спорт түрінен, атап айтқанда, бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис және жеңіл атлетика бойынша Париж Олимпиадасына  лицензиялар сарапқа салынады», - дейді Туризм және спорт министрлігінің өкілдері.

Тақырыпқа орай: «Чемпион тәрбиелеудің құпиясы жоқ»: Азиаданың бірінші және үшінші алтын иегері Әсем Орынбайдың ата-анасымен сұхбат

Жалпы алғанда, Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығына таласып жатыр.

Еске салайық, бүгін қазақстандық Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медаль жеңіп алды. «Скит» жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан озық болды. Қорытынды есеп –40:35.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН