Юлия Путинцева Қытайдағы турнирдің жартылай финалына өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Енді ол финалға өту үшін польшалық немесе испаниялық теннисшімен сынға түседі

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның екінші, әлемнің 81-ракеткасы Юлия Путинцева Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 48-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, германиялық Татьяна Мариямен сайысқа түсті.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Т.Мария 5:3 есебімен алда тұрып, сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ол тай-брейкті өз есебіне жазды – 7:6 (8:6). Үшінші партияда Путинцева қарсыласын шаң қаптырып кетті – 6:0.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ.

Енді Юлия Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 27-інші, доданың 1-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетт немесе рейтингте 64-сатыдағы испаниялық Ребека Машарованың біреуімен сынға түседі.