Бокстан әлем чемпионаты: бүгін рингке шыққан үш қазақстандық боксшы да жеңіске жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан қоржынында 4 алтын, 1 күміс медаль бар

Фото ашық дереккөзден

Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының бүгінгі финалдық жекпе-жегінде үш бірдей қазақстандық боксшы алтыннан алқа тақты. Сонымен, қорытынды есепте Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс медаль еншіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін өнер көрсеткен боксшымыз Махмұд Сабырхан Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында 54 келі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Ойбек Жураевты жеңді.

Одан кейін ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Саиджамшид Жафаровтан басым түсті.

Қазақстан қоржынына төртінші алтынды Нұрбек Оралбай салды. Ол финалдық кездесуде Қытай атынан өнер көрсеткен қазақ жігіті Тоқтарбек Таңатханды жеңді.

Айта кетейік, кеше боксшымыз Санжар Тәшкенбай ел қоржынына алғашқы алтынды сыйлаған болатын. Ал Дулат Бекбауов күміс медаль еншілеген еді.