Матчтан соң Елена Рыбакина барлық жанкүйерлер мен командасына алғысын білдірді
Астанадағы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан - Польша матчында еліміздің бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина қарсыласын ұтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі алғашқы кездесуде қазақстандық теннисші әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетпен шеберлік байқасты.
Кеше 2:0 есебімен алға шыққандықтан, Қазақстан құрамасына командалық әлем чемпионатына жолдама алу үшін енді бір ғана жеңіс жеткілікті еді.
Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Екінші сетте қазақстандық спортшы 2:0 есебімен алға кеткенімен, М. Линетт таразы басын теңестірді. Дегенмен, Елена қайта брейк жасап, өз геймін алды – 4:2. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін бірінші матчболын пайдалана білді – 6:2.
Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 3:0 есебімен алға шығып, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Бүгінге жоспарланған қалған екі кездесу ойналса да, ештеңені шешпейді.
Матчтан соң Елена Рыбакина барлық жанкүйерлер мен командасына алғысын білдірді.