Спортшы қазақстандықтарды ертеңгі кубокты тамашалауға шақырды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, оған Уимблдон турнирі туралы кітапты сыйға тартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы «БОРТ №1» Telegram-арнасы мәлім етті.
«Лена құр қол келген жоқ. Уимблдон чемпионы Президентке мынадай кітап сыйлады», - делінген хабарламада.
Президентке сыйлаған кітабынан спортшының қолтаңбасын көруге болады.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Елена Рыбакинадан естелік», - деп жазылған кітапта.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Мемлекет басшысының қабылдауынан кейін теннистен ертеңгі «Билли Джин Кинг» кубогіне орай өткен баспасөз мәслихатында тілшілер сұрағына жауап берді.
«Бүгін таңертең Мемлекет басшысымен кездесуге қатыстым. Әрине, кездесуде қатты толқығанымды жасырмаймын, дегенмен жалпы алғанда бәрі ойдағыдай өтті. Мен өзімнің алдағы уақыттағы жоспарларым, матч кестелерім туралы айттым», - деді теннисші кездесу жайында.
Ол қазақстандықтарды ертең, 14 сәуірде елордада өтетін кубокты тамашалауға шақырды.
«Турнирде жақсы ойын көрсетеміз, ертең және арғы күні бүкіл командамызбен жеңіске жетеміз деп сенемін. Жанкүйерлерімді өз жеңістеріммен қуанта беремін», - деді Е. Рыбакина.
Спортшы сонымен қатар Президенттен сыйлыққа сағат пен орамал алғанын айтты.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны қабылдап, оны Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткені үшін құттықтаған болатын.