Әлем чемпионаты: Франция құрамасы өз тарихында төртінші рет финалға шықты

Azattyq Rýhy

Аргентина құрамасы алтыншы рет финалға шығып отыр

Әлем чемпионаты: Франция құрамасы өз тарихында төртінші рет финалға шықты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Футболдан әлем чемпионатының екінші жартылай финалы өтті. Онда Франция құрамасы турнирдің сенсациясына айналған Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Осылайша француздар өз тарихында әлем біріншілігінің финалына төртінші рет шығып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Өткен түнде марокколықтарға қарсы ойында Тео Эрнандес 5-минутта есеп ашса, Рандаль Коло Муани 79-минутта басымдықты арттыра түсті.

Дидье Дешам шәкірттері енді әлем чемпионатының финалында Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасына қарсы ойнайды.

Айта кетейік, Франция құрамасы әлем чемпионатының тарихында төртінші рет ақтық сында ойнамақ. Нақтырақ тоқталар болсақ:

  • 1998 жылы: Франция 3:0 Бразилия;
  • 2006 жылы Италия 1:1 (пенальти сериясы: 5:3) Франция;
  • 2018 жылы: Франция 4:2 Хорватия.

Аргентина құрмасы футбол тарихында әлем чемпионатының финалында алтыншы рет өнер көрсетпек. Нақты статистика төмендегідей:

  • 1930 жылы: Уругвай 4:2 Аргентина;
  • 1978 жылы: Аргентина 3:1 Нидерланд;
  • 1986 жылы: Аргентина 3:2 Германия;
  • 1990 жылы: Германия 1:0 Аргентина;
  • 2014 жылы: Германия 1:0 Аргентина.

Айта кетейік, 2022 жылғы әлем чемпионаты Қатар елінде өтіп жатыр. Турнирдің финалдық ойыны Лусаил қаласындағы 80 мың адамға арналған «Лусаил Айконик» стадионында өтеді.

Ал турнирдің қола жүлдесіне Хорватия мен Марокко құрмалары таласады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.