Сатылған жейдешелердің 60 пайызы Мессиге тиесілі
Францияның «Пари Сен-Жермен» футбол клубы маусымды бұрын-соңды болмаған табыспен аяқтағалы тұр. Өткен жазда командаға Лионель Мессидің қосылуы Париж командасының 700 млн еуро пайда табуына әсер еткен. Бұл туралы vesti.kz L’Equipe-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мессидің ПСЖ қатарына қосылуы клубтың демеушілік ететін 11 компаниямен келісімшартқа отыруына себеп болған. Бұл келісімшарттан түсетін жалпы пайда 310 млн еуроны құрауы тиіс. Биылғы маусымда париждік клуб футболшыларының 1 млн жейдешесін сатты. Ал оның 60 пайызы Лионель Мессидің аты-жөні жазылған жейдешеге тиесілі. Сол сияқты ПСЖ атрибуттардың сатылымы арқылы маусымның жартысында-ақ 41 млн еуро пайда тапқан.
Бұдан бөлек Мессидің трансферінен кейін ПСЖ-ның ойындарын көру үшін стадионға ағылатын жанкүйер қатары да көбейген. Тиісінше билеттен түсетін табыс та артқан. Мәселен 2019/20 маусымда 93 млн еуро табыс түссе, биыл 132 млн еуроға жеткен. Ал алдағы маусымда бұл сома тіптен артады деп болжанып отыр.
Ал осыған дейін ПСЖ-ның маусымдық ең қомақты табысы (2018/19 маусымда) 637,3 млн еуроны құраған.
Айта кетейік, Месси «Барселонамен» келісімшарты аяқталғаннан кейін 2021 жылдың жазында еркін агент ретінде ПСЖ-ға тегін ауысқан. ПСЖ-мен бірге аргентиналық ойыншы 33 матч өткізіп, чемпион атанды. Осы аралықта 11 гол соғып, 13 нәтижелі пас берді.