Қазақстанның бірінші ракеткасы франциялық Осеан Доденнен басым түсті
Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.
Жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын ірі жарыстың 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған франциялық Осеан Доденмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Елена екі брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті - 6:2. Тартысты өрбіген екінші сет те Рыбакинаның пайдасына шешілді - 7:5. Бір сағат 20 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, 7 брейк-пойнтттың бесеуін өз есебіне жазды. Франциялық спортшы 4 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 51-ракеткасы, чехиялық Катерина Синякова немесе рейтингте 66-сатыдағы хорватиялық Ана Конюхпен таласады.